Ақмола облысының Куропаткино ауылы көркейіп келеді. «Елді мекенде еңбек етіп, ел үшін аянбай тер төгем деген адамға барлық жағдай жасалған», – дейді, жергілікті жұртшылық.
Ауыл келбетін ажарландыруға әсіресе, кәсіпкерлер жағы зор үлес қосып жатыр екен. Олар елді мекенге ең қажетті деген нысандарды салып берген.
Куропаткино ауылы облыс орталығынан 35 шақырым жерде орналасқан. 110 жылдық тарихы бар елді мекен кей шаһарлардан ешбір кем емес. Көшелері қалыпқа келтіріліп, өткен жылы орталықтан шағын саябақ та салыныпты. Ауыл тұрғындары үшін бұл – мақтанарлық жағдай.
Ғалия Баймәди, ауыл тұрғыны
-Басқа ауылдарда, кез келген ауылдарда мұндай парктер жоқ. Сондықтан халық керісінше, қайтадан осы ауылға көшіп келіп, қуанып жатыр. Біздің ауылымызбен қуануға болады, міне. Субұрқағымен. Балалар да келіп, үлкендер де келіп серуендеп қайтамыз кез келген уақытта. Демаламыз.
Ал балаларға арналған жаңа ойын алаңқайы елді мекенде биыл ғана пайда болыпты. Себебі ауылда бала туу деңгейі жыл сайын артып келеді. Осы тұста айта кету керек, өткен жылы мұнда 28 бала өмірге келсе, бұл көрсеткіш биыл екі есеге көбеймек. Себебі ауыл аналары жыл басынан бері 30 шақты сәбиді дүниеге әкелген.
Динагүл Рамазанова, балабақша әдіскері
-Биыл бізде ойын алаңы ашылды. Біздің жергілікті диқаншылар бізге көп үлес қосты. Балаларға арналған ойын алаңы ашылғалы бері, балабақшаның балалары осы алаңға келіп демалады, ойындар өткізеді. Ата-аналар да, жергілікті халық бәрі жергілікті диқаншыларға өте ризамыз.
Ауылдың осылайша ажарлануына айшықты үлес қосып жүрген жергілікті кәсіпкерлердің бірі – Александр Барамидзе. «Ел үшін игі іс жасау – менің азаматтық парызым», – дейді.
Александр Барамидзе, кәсіпкер
-Біз осы уақытқа дейін елді мекенді гүлдендіру үшін 60 млн теңге қаржы жұмсадық. Бірақ, мәселе ақшада емес. Бастысы – ауылға ауадай қажетті деген наубайхана, мейрамхана, балалар ойын алаңы сынды бірнеше маңызды нысандар тұрғызылды. Осы ауылда кәсіп қылып отырғаннан кейін, мұндай әлеуметтік көмектерді жасауға міндеттіміз.
Ауыл жанашыры мұнымен тоқтап қалмақ емес. 1200-ден астам тұрғыны бар елді мекенді келесі жылы орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Осы себепті де болар, ауылдағы 350 үйдің қатары жыл сайын толығып келеді.
Авторлары: Д.Берікұлы, Е.Шинкаренко, А.Полянный