Ай нұрына шомылтып бейне сәнін,
Тәні таза арманның ұғып мәнін.
Бақытсыз бай баласы бағын ашпай,
Сұлу нәзік қорлапты жан мен тәнін.
Еліне Есқараның тәлкек болған,
Ақсақ кыздың жырлайын ақтық әнін.
Әлди әлди аяғым аяғым -ай , аяғым -ай.
Ақсүйектен аңдамай жазым болды,
Жазым болды арманымның назы солды.
Қайтейін жаннан сұлу жаратқанмен,
Билігі жоқ кедейдің күні болды.
Бір сынбаған аяғым екі сынды,
Көре алмаған дұшпанның көңілі толды.
Әлди әлди аяғым аяғым- ай аяғым- ай
Алғыры емес шарт сынды- ау кең даланың,
Сенен қайтсем опасыз кек аламын.
Бай жыласа қалың берген қарасына,
Қарғысымнан соңғы ақтық дем аламын.
Елі жақсы деуші едім Есқараның,
Малын берші, жылатпай жас баланың.
Әлди әлди аяғым әлди әлди аяғым- ай.
Сезіміне серт болған қылыш қынап,
Жылдар өтіп жүргені бұны сынап.
Қалайша алданғанмын айла амалға,
Ұнатқан соң қайтейін көңілін құлап.
40 бие , 40 түйе 100 қаранын,
Қайтарып бер , жан әке , басын құрап.
Әлди әлди аяғым әлди әлди аяғым- ай.
Іңкәр сезім жәутеңдеп жанар талмас,
Әлі алда бар секілді мұңым жалғас.
Саған ғана ақ сезімім болса дағы,
Мал мүлкі мен опасыз болды -ау алмас.
Ақсақ қыздың ақтық сөзін енді ұғар кім,
Құдайы бар құлдыңда құны болмас.
Әлди әлди аяғым әлди әлди аяғым- ай.
Бұл жиынға күн санап толғантып ой,
30 күн ойын болса 40 күн той.
Бұздың -ау тағдырымның тас қамалын,
Теңдесі жоқ қыз едім түзеткен бой.
Асыма өтінемін Торшамды сой,
Құндыз бөрік, қамқамды басыма қой.
Әлди әлди аяғым әлди әлди аяғым -ай.
Той жалғасып тойына болмады айып,
Тағы бір қыз айттырды көңілі жайып.
Қарғап жүр ауыл аймақ бай баласын,
Жаны бірге жанынан кетті - ау тайып.
Аккудың көгілдіріндей ел есінде,
Арман ару өмірден болды ғайып.
Әлди әлди аяғым әлди әлди аяғым- ай
Аяғым- ай аяғым -ай!