Жүрегі нәзік болса да, жігері мықты. Біздің келесі бейнесюжетіміздің кейіпкерін достары осылай бағалайды. Ал әлеуметтік желідегі таныстары Ақмарал Басированы қандай қиындық болса да еш мойымайтынын айтады.
Ұлан Нарынбек, тілші
-«Ерінбей еңбек етсең ерінің асқа тиеді, ерініп ілбіп кетсең ерінің тасқа тиеді». Осы мақалды өмірлік қағидасына айналдырған біздің кейіпкеріміз ең бірінші қиындық ол жалқаулық атты жаман қасиеттен арылу екенін айтады.
Ақмарал инженер-энергетик болуды армандаған. Бірақ 1997 жылы әкесі із-түзсіз жоғалып кетеді. Бойжеткен анасына көмектесу үшін 2-курстан соң университетті тастауға мәжбүр болады.
Бүгінде ол бақытты жан, бес баланың анасы. Алайда шырғалаңды өмір соқпақтары әлі бітпеген сыңайлы.
Ақмарал Басирова, кәсіпкер
-Аяқ астынан өзім де, жұбайым да ауырып қалдық. Анау-мынау алуға көк тиынымыз қалмады. Ұзақ толғанып балаларым аш, киімсіз жүрсе ұят болар. Ал біреудің үйін тазалап маңдай термен ақша тауып, балаларымды асырасам оның еш сөкеттігі жоқ деп шештім.