Халқымыздың байлығы, қазынасы – той. Жаратылысынан той-думанға, сауық-сайранға жақын, салт-дәстүрді берік ұстанып, наным-сенімдерге қатал қарайтын халықпыз. Әрбір әрекеті арқылы ұрпақты үлгі өнеге аларлық игілікті іске, жақсылыққа тәрбиелейді.
Қонақ келсе қорадағы соңғы қойын сойып, бар жылы-жұмсағын тосып қарсы алатын қонақжайлық қазақы болмысымзға біткен асыл қасиет. Той жасасақ барымызды салып, «керемет той» жасады дегізгенді қалайтын халықпыз.
Қазіргі заманда ескіден жеткен жәдігерлеріміз азайып келеді. Тарихты жандандырып ескіні жаңалайтын болсақта жаһан жаңалығынан қалып қоймаспыз. Оның үстіне ата жолымыздан жаңалып, шет елдің ағымына еретін болсақ дамып кетеміз деген сөз жоқ.
Дегенмен, бүгінгі күні салт-дәстүрден жұрдай болдық деуге де болмас. Ата салтымызды жалғап осы күнге дейін өз ретінше орындап, бар бабымен өткізіп жүрген дәстүрлеріміз қаншама. Бір ғана «Қыз ұзатуды» алып қарасақ, осы дәстүрді өткізудің өзі бірнеше сатыларға бөлінеді. Қыз ұзату барысында рет-ретімен орындалатын рәсімдер бар.
Қызды туған шаңырағынан шығарып салу сәтінің өзі қаншама көңіл толқытар қуанышты сәттерге толы. Қыз ұзату тойын түйіндейтін рәсімдердің бірі «Қоштасу» салты. Қоштасу кезінде қыз бүкіл жақын туыс-туған, ата-ана, аға-інілерімен қоштасып шығады.
Көңілдері босап, толқыныс күйін кешкен қалыңдық пен жақындары жылап қоштасып жатады. Бұл отбасындағы береке-бірлікті, татулықты көрсетеді. Байырғы заманда қоштасу кезінде қыздар «Сыңсу» айтқан. Бұл да жөн-жоралғының бір түрі.
«Сыңсу» - ұзатылып бара жатқан қыз баланың туған-туыс, ауыл-аймағымен қоштасқанда айтатын әні. Байырғы заманнан қалыптасқан әні мен сөзі бар.
СыңсуБазардан алған тақтайым
Сындырмай қайтіп сақтамайын.
Айналайын ақ апам,
Ақ сүтіңді қайтіп ақтайын.
Қызғалдақ еді құлпырған.
Барамын ұзап жұртымнан.
Тірегім болған әкешім,
Тілеушім болған сыртымнан.
Бірақ қатып қалған заң емес. Әркім өзінің тұрмысқа шығу жағдайына байланыстырып сөзін өзгертіп айтқан. Осылайша қыз баласы қоштасу әнін айтып үйінен ұзатылған.
Қазіргі уақытта бұл дәстүр біраз өзгешелік алған. Себебі, бүгінгі күні «сыңсуды» ұзатылып бара жатқан қыздардың өзі айтып немесе айтам дейтіндері кем де кем. Сондықтан оның ең оңай шешімі арнайы шақырылған әншінің қалыңдық орнына ән айту.
Қазір солай орындалып жүр де. Сыңсу айтатын әнші қызды қолынан ұстап жүріп әр туған-туыстарының жанына апарып жеке-жеке қоштастырып шығады. Немесе той бағдарламасына немесе шоу бағдарламаға сай той соңында арнайы қойылым қойылып қызды ата-ана, аға-інілерімен қоштастырып ақ жол төсеп, күйеу жігіттің қолына тапсырып, артына қаратпай алып кетеді.
Қоштасу, сыңсу сияқты рәсімдердің жоғарғы деңгейде ұйымдастырылып, өткізілуі сіздің қалауыңызға байланысты орындалады. Той ұйымдастырушылары немесе асаба бұл жағынан сізге бірегей жоспар құруға қашан да өз көмектерін көрсетеді.
Теңін тауып, сүйгеніне қосылу әрбір қыздың арманы. Дегенмен, дүниеге әкеліп, аялап өсіріп, барын алдына тосып әлпештеген ата-ананы қиып тастап кету де көңілді жабырқатады.
Осындай сәтте қыздың өзін және туыстарын жұбатып айтқан сыңсуының мәні тереңде. Ең бастысы осы атадан асыл мұра болып жеткен салтымызды жаңғырту. Қалыңдық өзі айтпаса да тойларда осы бір тамаша салттың ұшқынын көру.