• Біріншіден, анимацияға деген қарым-қатынасты қайта қарастырып, ұғыну керек. Қазақстанда әлі күнге дейін, қалыптасып қалған көзқарас бойынша, анимацияны «Қазақфильм» киностудиясының өндірістік цехының бірі деп қабылдайды. Дүние жүзінде анимация тек қана өнер саласында ғана емес, ол технологиялық, ғылыми, экспериментальды және т.б. өндіріске арналған негізгі қызмет ретінде қолданыста. Сондықтан, анимация өзінің мақсат-міндеттерімен жеке құрылым болуы шарт.
• Екіншіден, бұрын түсірілген отандық анимациялық фильмдерді қайта қарап, қазіргі уақытта барлық аймақтық студиялардағы жағдайларға талдау жасап, осы сала мамандарының ой-тұжырымдарын біліп, өзара салыстыру керек.
• Үшіншіден, жоғарыда көрсетілген мәселелер негізінде дамудың концептуалдық жоспарын жасау және өзінің құрылымдық желісі бар анимостудия салу. Қысқаша айтсақ, негізгі мәселелер мен оны шешудің жолдары осы. Әрине бәрі де оңай шаруа емес. Өндірістің тік (жоғарыдан төменге) құрылымын құру керек. Бұл дегеніміз не? Яғни, этнограф, тарихшы, педагог, психологтардың шығармашылық ұжыммен өзара іс-әрекет, байланысы. Қажетті қаржы есептеуге экономистерді қатыстыра бизнес-жоспар құру, тек содан соң ғана мемлекеттік органдарға дайын жобамен бару. Сонда біздің қызметіміздің, идеологиялық құрылым ретінде қазіргі таңда қажеттілігін дәлелдей аламыз. Осыдан мемлекет заңды негізде капитал-қаржы құюға инвестициялық тиімді шешім немесе қаулы қабылдайды. Ең бастысы, ол әрине балаларымыздың болашағы. Ата-ана ретінде бәріміз ұрпағымыздың бізден асып-түсетініне сенеміз. Қазіргі таңда өз ісінің маманы ретінде, атадан қалған мәдени мұраны өскелең ұрпақ үшін сандық тасымалдағышқа аудармасақ, онда ұрпақтар байланысы үзіледі. Онсыз да біз 90-жылдары біраз ұрпағымыздан рухани айрылдық. Біздің көрермендер ертерек түсірілген анимациялық фильмдердің тек екі-үшеуін ғана көрген. Мен осы құрылымда 10-жылдан астам мультипликатор болып жұмыс жасап, өзімнің бірнеше еңбегімді әлі де көрген жоқпын. Ертеректе түсірілген 113-тен астам анимациялық фильм әлі де өзінің өзектілігін әрі қажеттілігін жоғалтқан жоқ деген сенімдемін. Өйткені, шынайы жақсы дайындалған, білімді, үздік дәстүрде тәрбиеленген, өз ісіне адал әрі оны сүйіспеншілікпен жасайтын маман-адамдар еңбек етті. Қазіргі уақытта, өзін шығармашылыққа арнаған, біздің мемлекеттің ауыспалы кезеңіндегі қиыншылықтарын бастан кешірген, әрі әлі күнге дейін өз саласында қызмет етуге үмітті адамдарға сүйіспеншілікпен қарау өте маңызды мәселелердің бірі. Анимация өндірісінен түскен бір сәттік қана табыстан, баланың болашағы маңыздырақ.