Наурыз тойы
Дәл сол күні ерекше боп қара түн,
Жұлдызы да өзгеше боп жанатын.
Қуанышқа бөленгенде дала, қыр,
Наурызбенен атады екен жаңа күн.
Таң сәрімен шаттық әні кернейді,
Тамаша әуен мекен етер көмейді.
Қыр астында сарғалдықтар қылтияр,
Дегендей-ақ, нәзік көктем өлмейді.
Аппақ қардың жотасынан бу шығар,
Қатқан мұз да аққан суға тұншығар.
Құс біткеннің дауыстары әуелеп,
Орман жақтан қуанышты шу шығар.
Қара қазан қызыл отқа қойылар,
Той-думанға қара қошқар сойылар.
«Арқан тартыс», «Аударыспақ», «Қыз қуу»,
Төрге шығар қазақы ұлттық ойындар.
Думан көңіл құшағын кең жайғанда,
Құты толар көже, қымыз, айранға.
Наурыз тойы - жыл бастауы, береке,
Қоныш-қойны толған ырыс, сайранға!
Манарбек Қ