Мен сені ойладым!
Ойладым!
Өзіңсіз мәнісін жойған күн.
Түсіме енген сол түндерде,
Сірә, сен мені де ойладың?!
Мен сені сағындым!
Сағындым!
Мені алдап келіпті сағым мұң.
Көргенде өзіңді шаттанып,
Бақыттың тұмарын тағындым!
Сен маған керексің!
Керексің!
Өзгеге ұқсамас ерексің!
Мен сенің мәңгілік тамырың,
Сен менде жайқалар терексің!
Мен сені бермеймін!
Бермеймін!
Ағылсын, қанекей, селдей мұң!
Талассын бір саған күллі әлем,
Мендіксің! Басқасын көрмеймін!
Мен сені әкетем!
Әкетем!
Жан білмес жер, сірә, бар ма екен?
Таба алсам бақыттың мекенін,
Сені, біл, аялап мәңгі өтем...
Мен сені әкетем..