2023 жылдың 30 қыркүйек күні Көктөбе ауылында Қызыл жар қорымының басында Сәрке Батыр атамыздың ұрпақтары жиналып Ас берілді. Әруақ алдындағы қарызын өтеп, жан-дүниесі тыныштық табуы, ар алдында таза болуы – тірілер үшін үлкен сабақ. Тірі теңгермегенді өлі теңгереді. Өлі алдындағы өтелмеген парыз теңгереді. Өліге бағыштап Құран оқытып, садақа берудің, марқұмның ізгілігін сүйінішпен, кем-кетісін өкінішпен еске алып, соңында қалғандарға қайырым-көмек жасаудың әрбірінде адамның шайқалақтап тұрған иман таразысын теңгеріп, арғы-бергісін ойлатып, тәубесін есіне түсіретіндей үлкен мән-мағына бар. Бауыр мен бауырды, туыс пен туысты жақындататын парыз бен қарыз сезімі де тірінің түйткілі көп тіршілігінен гөрі өлінің өнегесі көп тыныштығында бас қосқанда көбірек танылып-түйсініледі!
Сондықтан бүгінгі күні де торқалы тойдан гөрі топырақты өлімде бас қосу қазақы болмысқа тән құндылықтарды көбірек жаңғыртып отырғанын атап айту ләзім.