Бір досымның әңгімесі
Қазақ шіркін ақыл айтпаса басы ауырады ғой, «Осы сен нағып ешкі асырамайсың?» деді көршім. «Ана сарайың соғұрлым бос тұр ғой». «Ана сарайым» ұзындығы үш, ені екі метр жаман там еді, о баста ешкі асырауға емес, көмір түсіруге сала салғам әшейін. Соны айтып ем, көршім екіленіп кетті, «соны да сөз деп тұрсың ба? Ешкінің пайдасы қандай екенін білесің бе өзі, қазақ атам есің кетсе ешкі жи деген, ешкі деген жарықтық жылына екі рет туады, кейбірі егізден табады, ары кетсе үш жылда байып шыға келесің»... Сөзіне қарағанда ана мақалдың авторымен шәй ішкен адам секілді, онысын қоя берш, ешкі бағып, байып кеткендермен аралас-құралас секілді, өзінің де әжептеуір ұзын сарайы бос тұр