Қазақ халқы ежелден адамгершілікті, инабаттылықты, сыйластық пен сыпайылық қасиеттерді өз бойына сіңіре білген дуалы, салиқалы, от ауызды, орақ тілді дана қарттарымызды құрметтей білген.
Халқымыз қашанда дария көңіл, кең кеуде қарттарымен мақтана білген.
Адам өзінің ұл-қыздарына, кейінгі ұрпаққа берген тәрбиесіне қанағаттанатын болса, онда қарттық кезеңге көңілі толады, нағыз қарттыққа жете алғаны.
Қарттары бар ел-бақытты ел.
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының жіктеуіне сәйкес, қарт адамдарға (егде жас) 60 пен 74 жас, кәрілерге (қарттық кезең) 75-89 жас аралығындағылар, ал ұзақ жасаушыларға жасы 90-нан асқандар кіреді.
Егер қарттар өздерінің көрген, білгендерін жастарға айтып отырмаса, онда қарттардың өздері кінәлі.
Платон
Жастық шақ--даналықты меңгеруге арналған уақыт,
ал кәрілік--оны қолдануға арналған уақыт.
Ж. Ж. Руссо
----Бірде бар ынта-ықыласымен еңбек етіп жатқан бозбалаға сүйсінген Демокрит: "Сен қарттығыңа ғажап тосап әзірлеп жатырсың",--деген екен.
Үй сыртында төбең болса, ерттеулі атың.
Ел ішінде қазыналы қартың болса, жазып қойған хатың.
Төле би
Қарттың жақсысы: жастың жақсысын күндемейді.
Шал Құлекеұлы
"Есті адамның сөздерін ескеріп жүрген кісі де есті болады"
Абай
Қарт адамдардың үйренуге де, ақыл айтуға да қақысы бар.
В. Сухомлинский
Сен келген жоқсың өмірге,
Тек ғана ішіп-жейін деп.
Келмеппе ең осынау өмірге,
Сен де бір нәрсе дейін деп.
Айта алмай кетпе, айтып кет,
Айта алмайсың қайтып кеп.
Асқар Тоқмағанбетов
Біз көрген шалдар қартайып қалдым деп өкінбейтін, қайта "Құдайға шүкір, қариялыққа да аман-сау жеттік-ау, бұған да тәуба", деп отыратын.
Немат Келімбетов
Жасында көргені жоқтың-- өскенде айтары жоқ.
Ғабиден Мұстафин
Жастығым өтті деп не керек, уайым ғып,
Жігіттік дегенің қарттыққа дайындық.
Жылама ағайын, жастығым тәмәм деп,
Жыла сен, қарттыққа дайындық жаман деп.
Қадыр Мырзалиев
Кәрілікке емтихан тапсыратын шәкірттей дайындал.
Әдіһәм Шілтерханов.
Қария өзімен тең отырып ой бөлісетін, сөз қадірін өз қадіріне балайтын, терең тамырлы, құйма құлақтарды аңсайды екен-ау.
Шыңғыс Айтматов
Ақылды қарттар--жастарға кедергі емес--тірек болады, бәсекелес емес--мұғалім болады.
Балалықтың пәктігін,
Жігіттіктің шаттығын,
Егделіктің сабыры мен сақтығын сақтап қалған қарт-- бақытты.
Өзің қартаң тартсаң да, сөзің қартаң тартпасын.
Қарты бар үйдің қазынасы бар.
Қария--даналық пен өмір тәжірибесінің қайнар көзі.
Өсиет те--қарттарда,
қасиет те--қарттарда,
қасірет те--қарттарда.
Әдіһәм Шілтерханов
Бала кезіңде оқығаныңды,
Қария кезіңде түсінесің.
Жастар армандайды,
Қарттар есіне алады.
Жақсы адам қартайса,
Жазып қойған хаттай.
Жаман адам қартайса,
Бықсып жанған оттай.
Өсетін елдің қарты,
Қазына болар.
Өспейтін елдің қарты,
Қазымар болар.
Даналық қарттық бірге келе бермейді,
кейде қарттықтың бір өзі келеді.
Қария--бәріне сенеді,
Орта жастағы адам--бәрінен күмәнданады,
Жас адам--бәрін біледі.
--Қартардың бәрі кезінде бозбала болған,
ал бозбалардың бәрінің қарттыққа жетер-жетпесі неғайбыл.
Демокрит
Қартыңды сыйлай біл: күндердің күні болғанда,
кімдердің белі бүгілмес.
Бұхар жырау
Кәрілікке күлме--өзің де соған қарай кетіп бара жатырсың ғой.
Менандр
Жасында байқары жоқтың,
Жасы жеткенде айтары жоқ.
Көп жасағаннан сұрама,
Көпті көргеннен сұра.
Халықтан қайырымдылықты,
Қариядан байымдылықты үйрен.
Ел қариясы--ел қазынасы.
Қарт адамның басына күн туып, жан сақтар қайраттан айрылса, шамаң келгенше жәрдемдес.
Әлішер Науаи
Неменеге жетiстiң, бала батыр?
Қариялар азайып бара жатыр .
Бiрi мiнiп келместiң кемесiне,
Бiрi күтiп, әнеки, жағада тұр.
Мұқағали Мақатаев
Мен қарапайым қарттарды сүйем,
He деген керім еді!
He біледі осы жұрт, не біледі?
Бабалардың баласы - қариялар
Сиреп бара жатқандай көрінеді.
Мұқағали Мақатаев
Алдында жүрші көзімнің,
Асылым алтын қазынам.
Ауыра қалсам, өзіңнің,
Пейіліңмен-ақ жазылам.
Сағи Жиенбаев
Әруағыңнан айналдым, ұлы шалдар,
Өздерің жоқ, сөздерің — тірі шалдар;
Светқали Нұржан
Есіне бәрін сақтаған,
Қағаздай қылып қаттаған.
Шежіре қартты күтіңдер,
Пайғамбар жасын аттаған.
Әдіһәм Шілтерханов
Арқасына нардың жүгін артқандай,
Батырлығы, арғы атаға тартқандай.
Мойымаған қиындыққа, төзімді,
Бұрынғының қыран қабақ қарттары--ай.
Қарттарым сіздерге Алла саулық берсін,
Денсаулық ауыз-бірлік бола берсін.
Тап-таза абыройлы болғаныңды,
Кейінгі ұрпағымыз жастар білсін.
Қазақ – қариясын сыйлаған халық. "Қарты бар үйдің қазынасы бар", - деген. Ақсақалдарды төрге шығарып, бата сұраған. Ақындар жырына қосып, амандығын тілеген.
Өмірден көрген, түйгені мол ақсақалдармен, өзіңнен бір көйлек болса да ерте тоздырған аға буынмен сұхбаттасып, әңгімесін тыңдап, даналығын, әдебін үйренейік.
Халқына қамқор болатын қарттарымыз қашан да аман болсын!
Қағаз бетіне түсірген:
Назарбеков Абат


Присоединяйтесь — мы покажем вам много интересного
Присоединяйтесь к ОК, чтобы подписаться на группу и комментировать публикации.
Комментарии 1