Сағындың ба?
Сен мені сағындың ба алас ұрып?
Кінəлəп ең адамның аласы қып.
Кер кеуде кейіпіңде кетіп едің,
Менен көрген бақытты шаласынып.
Іздедің бе?
Сен мені іздедің бе өткеніңнен?
Қайрылмап ең көп жапа шеккеніммен.
Орал десең, оралам, кегім сақтап
Құшырлана құшақтап, өбкеніммен.
Ойладың ба?
Сен мені ойладың ба аман ба деп?
Емдемедің жүректе жарам бар ед.
Сағансам да, шыдадым мазаламай,
Жаныңа қайта қайғы салам ба деп.
Жыладың ба?
Мені ойлап жыладың ба?
Үнің əлі ойнайды құлағымда.
Біз екеуміз алыппыз айрылысқан
Титімдей бір тағдырдың сынағында.
Сұрадың ба?
Сен мені өзгелерден сұрадың ба?
Сұрастырып ердің бе бір ағымға?
Сен мені жерге теңеп кете бардың,
Сен едің асқар шыңым, шынарым да.