Молдаш Байменұлы 1889 жылы Қарағанды облысы, Байқадам ауылында жарық дүниеге келген. Өзінің атақты атасы Қомыт байдың ұрпағы болғанымен, тағдыр оны кішкентайынан ағасы Байменнің бауырына салды. Байменнің баласы болмағандықтан, бұл – әрі сауапты, әрі жүрекпен қабылданған шешім еді.
Жасынан зерек болған Молдаш 5 жасында-ақ ауыл молдасынан хат танып, Құранды жаттап алды. Дінге жақын, бойына парасат пен тектілік дарыған баланы Баймен баласын қалаға апарып, орыс мектебіне, кейін семинарияға оқуға түсірді. Сол жылдары әкесі оған домбыра ұстатып, халық күйлерін үйретті. Ұлттық өнер мен білім қатар дарыған жас бала кейін есеп-қисап курсын аяқтап, туған ауылына оралып, ауылдың бас есепшісі болды.
1912 жылы оны дәулетті байдың қызына үйлендіріп, сол некеден Дәңгілбек пен тағы бір ұл өмірге келді. Бірақ тарихтың ащы беттері Молдашты да айналып өтпеді. 1932 жылы Дәңгілбек әскерге аттанып, сол кезеңде ашаршылық келіп, жары мен кіші ұлы өмірден өтеді. Тек тағдырға тәуекел еткен Молдаш 1933 жылы Ажар есімді иманды, намазхан әйелмен шаңырақ көтереді. Бұл некеден Ғыйзат, Күлтай, Күләй және Жамал есімді перзенттер дүниеге келеді.
Соғыс жылдары ел ауыр кезеңдерді бастан өткеріп жатқанда, Молдаш пен Ажар нағыз қайырымдылықтың үлгісін көрсетті. Репрессиямен келген жетім-жесірлерге есік ашып, сегіз баланы отбасына алады. Сондай-ақ, бір шешен отбасын да паналатты. Бүгінде ол ұлы азаматтығы халық есінен кетпейді.
Өкінішке орай, 1948 жылы Молдаш Қарағандыға шақырылып, үстінен жазылған жалған айыптар айтылып, сол күйзелістен, уайымнан екі күннен кейін дүние салады.
Алланың әділеттілігі ерте ме, кеш пе орнығады екен.
2004 жылы Молдаштың ұлы Ғыйзат, жары Айша және қызы үлкен қажылыққа барады. Сонда Ғыйзат әкесі үшін бәдәл қажылығын өтейді.
2025 жылы 24 тамызында Молдаштың немерелері Байменов Болат пен Болатбек ата-анасы тұрған үйінің орнына сәулетті мешіт тұрғызып, баба рухына тағзым етеді. Мешітке " Ғыйзат қажы" есімі беріледі. Халық көптеп келіп, Құран бағыштап, батасын береді.
Қайырымды жүрек пен дін жолын ұстанған Молдаш пен Ғыйзаттың есімі ауыл тарихында мәңгі қалды. Оның артында қалған ізгі істері – Алланың алдында сауап, ал ұрпақ жүрегінде ұмытылмас өнеге болды.
Присоединяйтесь — мы покажем вам много интересного
Присоединяйтесь к ОК, чтобы подписаться на группу и комментировать публикации.
Нет комментариев