Мектепте ақша жинау тақырыбы ата-аналар арасында үнемі дау тудырып келеді. Кез келген азамат мектепке демеуші бола ала ма? Ал мектеп осы қамқоршының құрметіне арнайы тақтайша іліп қойса ше? Осы және басқа да өзекті сұрақтарды біз Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Шолпан Кариноваға жолдаған едік.
С.: Мектеп қорына немесе сынып қажеттілігі үшін өз еркімен жарна төлеу қаншалықты заңды?
Ж.: Кез келген азаматтың өзі қалаған мектептің қорына жарна аударуы заңға қайшы емес. Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» заңының 61-бабы 3-тармағына сәйкес (әрі қарай – Заң), білім беру мекемелеріне бюджеттен бөлінетін қаражаттан басқа қаржыландыру көзі қайырымдылық болып саналады. Яғни, осыған сүйеніп қайтарымсыз жарна, аударымдар жасауға болады. Анықтама үшін: Экономикалық әріптестік және даму ұйымына (ЭӘДҰ) мүше елдердің барлығында мектепке көмек көрсету ісі жолға қойылған, дамыған. Тіпті моральдық міндеттемелер қатарында деуге де болады. АҚШ немесе Канада секілді мемлекеттерде демеушілер мен менторлардың басын қосатын және олардың ісін үйлестіретін мекемелер белсенді түрде жұмыс істейді. Демеушілер қатарында көбінесе кәсіпкерлер болады. Мысалы, канадалық белгілі кәсіпкер Митч Гарбер оқушыларды ынталандыру үшін ақшалай сыйақы тағайындаған. Бұл амалды ол Квебек мектептерінің көрсеткішін жақсарту үшін қолға алған.
С.: Мектепке өз еркімен демеушілікті қазірдің өзінде жариялы етуге не кедергі?
Ж.: Біріншіден, ата-аналардың көпшілігі ерікті жарнаны мектеп кассасына немесе білім басқармасына береді. Бұл процестің жариялы болуы үшін мектептің шотына банк арқылы ақша аудару тиімді болар еді. Екінші себеп – мектепте қамқоршылық кеңестің болмауы. Ол кеңес құрамына ата-аналар, мемлекеттік органдар, қоғам қайраткерлері, демеушілер кіруі керек. Қамқоршылық кеңес міндетінің бір бөлігіне мектепке аударылатын осы қаржының орынды жұмсалуын қадағалау кіреді.С.: Қазір мектептегі қаржыландыру мәселесінде «демеуші» және «қайырымдылық» деген ұғымдарды министрлік қалай түсіндіреді? Ж.: Демеушілік – кез келген азамат немесе мекеменің мектепке өз еркімен көмек көрсетуі. Демеуші өз жақсылығының моральдық тұрғыдағы қайтымын көруге қақысы бар. Мысалы, мектеп қабырғасында оның аты жазылған тақтайша іліп қою. Қайырымдылық та – кез келген азамат немесе мекеменің мектепке ерікті түрде қайтарымсыз көрсететін, азаматтық ұстанымының көрсеткіші іспетті көмек түрі. Министрлік демеушілік пен қайырымдылыққа қарсы емес. Қолдауға тұрарлық деп есептейді.
С.: Мектепке демеушілік пен ерікті түрде жарна аудару мәселесінде екіұшты пікірдің ара-жігін ашып беретін заң қашан шығады?
Ж.: Министрлік елдегі барлық мектептерге қамқоршылық кеңес институтының енгізілуін қолға алды. Қазір қайырымдылық көмек пен демеушілік ретінде ата-аналар мен басқа да мекеме, азаматтардың атынан келіп түсетін қаражаттың жұмсалуы мен ақша аудару тәртібін реттейтін бірқатар нормативті құқықтық актілер дайын. Соған сәйкес, аталған қаражатты аударып, жұмсау үшін мектепке қазынашылық органдарда арнайы шот ашылуда.
С.: Қазір меценаттар мен демеушілер бір сыныпқа заңды түрде өз атын бере ала ма? Немесе қандай да бір жолмен өз ісін көрсете ала ма? (мысалы, мектеп немесе сынып қабырғасына аты жазылған тақтайша ілу)?
Ж.: Бұл да заңға қайшы емес. Бұл жөнінде ақырғы шешімді мектеп мен сынып қабылдайды. Ол демеушінің не бергеніне байланысты.
Сурет дереккөзі: http://www.pkzsk.info
Присоединяйтесь к ОК, чтобы подписаться на группу и комментировать публикации.
Нет комментариев