Есім ханның ел ішіндегі беделін, асқан абыройына іштей бақталасфп жүретін Тұрсын Бұхара ханының ниетін тез түсініп, Сырдария жағасында екеуі астыртын келіссөз жүргізеді де, Есім ханды жоюдың жоспарын жасайды. Қазақ ханы бұл кезде моңғол билеушілерінің, қырғыз манаптарының өзара қырқысуын тыю үшін шығыс аймақтарда жүрген. Тұрсын сол тұста Ташкентті билеп, күллі қазаққа хан болуды армандап жүрген. Бірақ жолында Еңсегей бойлы Ер Есім тұр еді
Тұрсын жалғыз Ташкентте емес, Бішкек, Түркістан, кейде Сауран, Әндіжан, Шахрухийя сияқты үлкенді — кішілі қалаларға да қожалық ететін. Есім ханмен бірігіп соғысқанда өзінен әлденеше рет жеңілген Имамқұли көмектесем деген соң үміт оты жана бастаған-ды. Бұл ниетін білген Есім хан Ташкент қаласына білдіртпей түнде кіріп, хан сарайының күзетшілерін байлап тастап, Тұрсын ханды қаперсіз ұйықтап жатқанда қапылыста өлтіреді, басын алады. Есім хан Тұрсынның басын кесіп, Имамқұли ханға жібереді. Өзінің бақталасы, опасыз Тұрсынның өлгеніне қуанды ма, әлде Есім ханның өзінен қорықты ма — Бұхара ханы Есімге Ташкентті, Түркістанды, сол маңайдағы қорғаны бар ауыл-мекендерді "сыйлап" жіберген. Тұрсын өлген соң екінші рет ұлы хан болып қайта сайланған Есім сол заманның қатал салты бойынша өзіне қарсы шыққан қатаған тайпасын аямай жазалады. Тұрсын ханның бұл бүлігі тарих бетінде "Қатаған қырғыны" деген атпен қалды.
Сонымен, қазақ тарихына "Қатаған қырғыны" атанып енген қырғын Сайрамсуда басталып, Ханабадта аяқталды. Қатаған тайпасының "арбаның күпшегінен бойы асқан еркек кіндіктісі түгел найзаға ілініп, әйел заты түгел үлес-олжаға берілді, түрлі себеппен кешірім жасалған жекелеген топтары басқа руларға таратылады"
Тұрсын ханның Қоңырбике, Айбике, Нұрбике атты қыздары Арғын -Тобықты жігіттеріне тұрмысқа шығады.
"Қатаған қырғынының" туысқа туыс қол көтерген азамат соғысы екенін Сүлейменнің (Есім ханның батыры ) өзінің туған қайынағасы Айрылмасты (Тұрсын ханның бас батыры) жекпе-жекте өлтіруімен көрсетеді.
"Қатаған қырғыны ―Есім ханның жеңісі емес, бүкіл Қазақ ордасының үлкен жеңілісі болды. Іргелі елдің туын көтеріп отырған тегіс ұлыстың екі бөлшегі түнекке батыпты. Содан былай, қазақ мемлекетін құраған қауым алты алаш деп аталады" деп топшылайды Мұқтар Мағауин.
Ия, шынында да "Қатаған қырғынынан" есеңгіреп қалған қазақ, тек "Орбұлақ шайқасынан кейін ғана, еңсесін қайта тіктей бастады.
Есім хан Тұрсын хан мәселесін шешкеннен кейін өзінің Ордасы орналасқан Түркістанға қайтып оралады. Онда ол бір жылдай өмір сүріп, келесі 1628 жылы шамамен 70 жасқа қараған шағында өз ажалынан қайтыс болады. Оның денесі Қожа Ахмет Йасауи кесенесі жанына қойылып, қабірінің басына кішігірім мавзолей салынады.
Қазаққа қарсы қылыш көтерген қатаған руын қырып жіберген соң, қудалауға ұшыраған қатағандар ыдырап, біраз бөлігі өзбек халқына және қазақтардың Ұлы жүзінің шанышқалы тайпасына сіңісіп кеткен. Кейбір шежіре деректеріне қарағанда, қатағандар ысты тайпасының құрамына, қоңырат тайпасындағы жетімдер руына да араласқан.
Айтпақшы Жәмбике туралы айта кету керек
Жәмбике - Ташкент билеушісі Тұрсын ханның қызы. Шамамен 1610 -1612 ж. туған. Қатаған қырғынында ерлік көрсеткен Жолымбет ұлы Назарға үлес-олжаға тиген ханның қызы. Осы Жәмбикеден тараған ұрпақ қазір бір рулы ел.
Осылайша қатаған атты бір тайпаның түбіне бір адам жеткен еді...
Присоединяйтесь к ОК, чтобы подписаться на группу и комментировать публикации.
Нет комментариев