Жас сардар Бауыржан Момышұлы Мәскеу түбінің қалың қарына малтыға жүріп, бес рет қоршауды бұзып, жалпы саны 207 рет қол бастап, ұрысқа кіріп, 27 рет әскери ғалымдардың айтуынша, соғыс тарихында болмаған тактикалық жаңалық жасады. Командир Момышұлы жетік стратег, асқан тактик болумен қоса, сұңғыла психолог та еді.
Момышұлы өмірбаянының осы ең жауапты кезеңінде Мәскеу түбіндегі шайқас ерекше орын алады. 1941 жылы қазанның он бесі күні таң атар-атпастан панфиловшылардың И.В.Капров басқарған 1073-полктің қорғаныс шебіне фашистер шабуылын тынымсыз қайталай берді. Алған жолынан, айтқан сөзінен қайтпайтын қайсар командир Бауыржан роталардың соғыс қимылын жаңа тактикаға жанастыра отырып, операцияны орынды басқара білді. Осы күндердегі арпалыс кезеңдерінде жауға қайсарлықпен қарсы тұрып, майдан даласында ерлік көрсеткендердің ішінде Қ.Шәріпов, Р.Жанғозин, Б.Жетпісбаев, М.Әлімжанов, Д.Снегин, Е.Таймасов, Т.Ахтановтардың ерлігі бір төбе.
Алайда аласапыран қысылшаң жағдайға ұшыраған кейбір полктердің батальон, роталарымен байланысы үзіліп, жауынгерлердің қай жерде, қандай халде екенін білу қиынға соқты. Сондай жағдайға ұшырағандардың бірі – Бауыржан басқарған бірінші батальон еді. Баукең енді шегінудің нақты жоспарын жасады. Батальонның алдында жүретін он бес адамнан құрылған (алдыңғы жақты барлайтын) барлаушы қойып, взвод-взводпен бөлек-бөлек болып, бірінің ізімен бірін жүргізе жылжуды ұйғарды. Батальон алдындағы барлаушыларды аға лейтенант Рахимов пен саяси жетекші Мұхаметқұл Сләмқұлов басқарды. Күндіз жау көзіне түспеу үшін жауынгерлеріне түнделетіп жүруді бұйырды. Күндіз қалың тоғайда тыныстап, түнде барлаушылар арқылы белгіленген бағытпен сақтана жүріп отырды. Қалың қарағайлы тоғай іші қар. Жауынгерлер шаршады. Әйтсе де табанды төзімділік көрсеткен батальон екі күннен кейін Новлянск пен Ивановск деревняларының аралығынан шықты. Барлаушылардың айтуынша, осы Ивановск деревнясында панфиловшылардың 1075-полкінің бірінші батальоны тұрады екен. Бұлар әлі шайқасқа қатыспапты. Әдісқой, тәжірибелі комдив И.В.Панфилов бұл полкті уақытша әдейі резервте ұстап тұр екен. «Б.Момышұлы басқарған батальон түгелдей жау қолынан қаза тауып, жойылып кетті» деген лақапты естіген олар түгелдей аман оралған жауынгерлерді зор қуанышпен қарсы алды. Бауыржан бастаған батальон жауынгерлерін көргенде И.В.Панфилов қуанғаннан көзіне жас алды. Иван Васильевич көптен көрмеген бауырын кездестіргендей Бауыржанды қаусыра құшақтай алып, бетінен сүйіп: «Жарайсың, сұңқарым!» деп арқасынан қақты. Кеңес әскерлерінің 1942 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы ұрыстарында 8-гвардиялық дивизияның Бауыржан Момышұлы басқарған полк жауынгерлері ерекше көзге түсті. Дивизия екі ай ішінде батысқа қарай 500-600 шақырым алға басып, фашистердің мыңдаған солдаты мен офицерін қырды, көптеген техникасын жойып жіберді. Бауыржан Момышұлының қатардағы жауынгерлер жайлы айтқан небір қасиетті сөздері халқымыздың есінде. Даңқты қолбасшы солдаттың мінез-құлқын, парасатын, елі үшін шыбын жанын қиятын ерлігін керемет білген. Соның арқасында оларды ерлік жеңістерге бастап, жігерлендіріп отырған. Бауыржан Момышұлы соғыс жылдарында адуынды да қатал әскери басшы болып қана қойған жоқ, сонымен қатар қарамағындағы жауынгерлер мен офицерлердің ақылгөй жетекшісі, зерделі де білгір, байыпты да мейірман тәрбиешісі де бола білді.
Присоединяйтесь к ОК, чтобы подписаться на группу и комментировать публикации.
Нет комментариев