«Қазақстан-Қарағанды» телеарнасы түсірген «Ғұмыр өтер» фильмі.
Телеарнаның тың туындысы бүгінгі күні қоғамның өзекті тақырыбын арқау етеді. Жол-көлік апаты, ащы судың тарттырар азабы, несие алып несібесінен айырылған жандардың талайлы тағдыры картинада көрініс табады. Біздің арнаның шығармашылық ұжымы түсіріп, сомдаған төл туындының премьерасы қаламыздағы «Сарыжайлау» кинотеатрында өтті.
Облыстың басты арнасы түсірген фильмді кинотеатрда тамашалауға келген көрерменнің көптігінен ине шаншар жер болмай қалды. Телеарнамыздың жас режиссері Қаршыға Игеннің бұл алғашқы фильмі емес. Қарағандылықтар бұған дейін де әріптесіміз түсірген бірнеше киноларын тамашалап, жақсы бағасын берген болатын. «Ғұмыр өтер» фильмін түсіруде телеарнаның ұжымы жұдырықтай жұмылған. Түсіруші де, рольдерді сомдаушы да арна қызметкерлері.
Басты рөлде ойнаған диктор Райхан Әбілқасова кәсіби әртіс болмаса да өз рөлін шебер сомдап шықты. Ал актер Мадияр Қойшығарин мен Дильназ Орымбекова өздерінің таланттарын тағы бір паш етті. Сценарий авторлары арнамыздың редакторлары Ботабек Тілеген мен Әділбек Құмар екенін айта кету керек. Бір өзі киноны басынан соңына шейін түсіріп шыққан жас болса да шеберлігі шыңдалған оператор Ғабиден Құрышбековтің еңбегі ерен. Осы фильмге арнап жазылған саундректің авторлары ақын Ілияс Мұқай, әні композитор Наурызбай Байсекеев. «Ғұмыр өтер» фильмін түсірген шығармашылық топтың жетекшісі, «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының бас редакторы Сағат Батырхан.
Күн сайын орын алып жататын жол-көлік апаты салдарынан жарық дүниемен қош айтысқан жандардың рухына арналған, көрерменге ой салып, өмірдің мәнін, қадірін терең түсінуге жетелейтін көркем фильм ғұмырдың әр сәтін бағалай білуге шақырады. Қазір банктен ипотека алып, қарызға батып, көлік мініп, соңында төлей алмай проблемаға шырмалып қалатын жағдайлар жиі кездеседі. Фильм барысында осындай отбасылардың өмірі суреттеледі.
Елімізде жол апатынан жылына 2 600 адам қаза болып, 26 000 адам мүгедекке айналып жатады екен. Жолда абай болуды, ішімдік ішіп көлік басқару бірнеше адамның ғұмырын қыршыннан қиятынын фильм көрермендер есіне салады.